Көкше өңіріне көктемнің лебі жетіп, қытымыр қыс артты қалды. Өткен қыс маусымында ҚР Президентінің Іс басқармасына қарасты «Бурабай Даму» кәсіпорнына қарасты туристік нысандарға 19 мыңнан астам адам келгенін айта кетейік.
Туристер үшін тартымды болған нысандардың көшін «Burabay Land» отбасылық ойын-сауық паркі бастап тұр. Арқаның алты ай қысында осы жерге келіп Аяз атаның үйін көріп, бұғы жеккен, ат жеккен, ит жеккен шанаға мінген, басқа да қызыққа кенелген жұрттың қарасы қалың болды.
Ал табиғат аясындағы нысандардың қатарында Бурабай көлі мен Жұмбақтастың мағайынан адам аяғы үзілмеді. Оған мұз қатқан айдын бетінде түрлі бұқаралық спорттық шаралардың жиі ұйымдастырылғаны да әсер етті.
«Бурабай Даму» нысандарының арасында көктем мезгілінде де баруға болатын жерлер аз емес. Мысалы, Мультимедиалық интерактивті кешен жыл он екі ай жұмыс істейді. Бұл жерде «Самұрық құстың самғауы» атты 5D аттракционды тамашалауға болады.
Сол сияқты Марал шаруашылығы да меймандарды қарсы алуға қашанда дайын. Шаруашылыққа келген туристер көркіне көз тоймайтын әсем жануарларға жем-шөп беріп, суретке түседі. Пантокриннің қалай жасалатынына өз көзімен көріп, басқа да қызықты шараларға куә болады.
Жалпы, «Бурабай Даму» мекемесі туристердің қызықты әрі жайлы уақыт өткізуіне барынша жағдай жасап отыр десек артық емес. Мұнда келген адамдар Сапар орталығы, Абылай хан алаңы, «Жайлау» этноауылы. Шолу алаңы сынды нысандарға барады. Сондай-ақ «Хан асуы», «Бурабай – Қазақстанның інжу-маржаны», «Үкілі Ыбырай соқпағы», «Альпинизм» сынды экскурсиялық бағыттарпен саяхаттайды.