Бурабай курортында әуесқой суда жүзушілер арасында жылдың ең жарқын спорттық шараларының бірі – PikeMan әуесқой жүзу-челленджі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Спорт, денсаулық және экология» қоғамдық бірлестігі және ҚР ПІБ «Бурабай даму» ЖШС бірлесіп өткізген шараға 300 астам адам қатысып, бақ сынады.
«Жыл сайын әріптестерімізбен бірлесіп, өңірде бұқаралық спортты және туризмді насихаттау мақсатында PikeMan әуесқой жүзу-челленджін өткізіп тұрамыз. Шараға қатысушылар саны жылдан жылға артып келеді. Биыл жүзуге 300-ге жуық адам қатысуы соның айқын дәлелі», - деді «Бурабай даму» ЖШС Бас директорының орынбасары Шыңғыс Оразалин.
Челлендж барысында әуесқойлар, балалар және тәжірибелі спортшылар суда 3 шақырымды жүзіп өтті.
«Бурабай курортына демалуға алғаш рет келіп отырмын. Бірден осы жарысқа тап болдым. Сол себепті, өз күшімді сынап көрейін деп шештім. Жарыс тамаша көңіл-күй сыйлады», - деп әсерімен бөлісті Алексей Ниненко есімді әуесқой суда жүзуші.
Жарыс қорытындысы бойынша ерлер арасында 42 минут 39 секунд нәтижесімен Астана қаласынан Станислав Редько бірінші болып мәреге жетсе, әйелдер арасында 61 минут 10 секундта жүзіп өткен Александр Силинаға ешкімге дес бермеді.
Айта кетсек, PikeMan әуесқой жүзу-челленджі Бурабай курортында жыл сайын өткізіліп тұрады және әуесқой суда жүзушілер арасында танымалдылығы артып келеді.
Еске салайық, бұдан бұрын «Бурабай» ұлттық паркінің аумағындағы көлдерде судың деңгейі көтерілгенін жазған едік.