Бурабай курортында елімізде алғаш рет суда жүзуден «X-WATERS KAZAKHSTAN - 2024» жарысы өтті. Бұл суда жүзуден «X-WATERS» халықаралық сериясының Қазақстанда өтіп отырған кезеңі.
Осынау тарихи оқиғаның Бурабайда өтіп отырғаны тектен тек емес, курорт еліміздегі тұмса табиғаты, саф ауасымен танымал сұлу жерлердің бірі саналады. Осындай әсем жерге демалуға келетін туристердің де саны жылдан жылға артып келеді. Ол үшін түрлі бұқаралық спорттық шаралар ұйымдастырылып тұрады.
«Бүгінгі өткізіліп отырған «X-WATERS KAZAKHSTAN - 2024» жарысы жай ғана көңіл көтеретін іс-шара емес, спорт пен бірліктің мерекесі болып табылады. Жарысқа кәсіби спортшылармен бірге әуесқойлар, ересектер және балалар қатысып, күштерін сынап көрді. Қатысушылар жарыс ережесіне сай белгілі бір қашықтықты суда жүзіп өтті. Бурабай курортында туризммен бірге, бұқаралық спорт та дамып келеді. Өңірде салауатты өмір салтын ұстанатындардың да саны артып отырғанын байқауға болады. Бүгінгі жарысқа қатысушылардың арасында Бурабайға алғаш рет келгендер де бар», - деп атап өтті «Бурабай даму» ЖШС Бас директорының орынбасары Шыңғыс Оразалин.
Тартысты өткен жарыс қатысушылар мен оларға жанкүйер болып келген көрермендердің көңілінен шықты.
«Бүгінгі жарыс арқылы мен суда жүзудің жаңа қырына көз жеткіздім. Алдағы уақытта спорт осы түрімен айналысамын деп шештім. Осындай жарыстарды өткізуге Қазақстанның мүмкіндігі жеткілікті», - деп әсерімен бөлісті жарысқа қатысушы Роман Фураев.
Жеңімпаздар 3 қашықтық бойынша анықталды. 1 км шақырым -әуесқойлар арасында Дмитрий Дудник, 4 км шақырым -Бурабай көлін бір жағалауынан екінші жағалауына кесіп өтуде Азат Ахметов, 8 км – көлді толық жүзіп өтіп, Жұмақтас тауынан айналып кейін қайту келуде Владислав Сухарев (1 сағат 54 минут 55 секундта жүзіп өтті) жеңімпаз атанды.