Соңғы кездері туристер мультимедиялық кешен маңындағы тұрақта көліктерін ұзақ уақытқа қалдырып, ретсіз тұрақтар пайда болуда. Бұл қозғалысты тежеп, басқа демалушылардың жайлылығына кері әсерін тигізуде.
Бұл мәселені шешу үшін ақылы тұрақты енгізу қажетті шара болды. Ақылы тұрақтар қысқа мерзімді тұрақ қажет ететіндер үшін орындарды қамтамасыз етуге көмектеседі.
Тұрақ құрылысы бюджет қаражатынсыз, мемлекет пен жеке меншік серіктестік аясында жүзеге асырылды.
Тұрақтан түскен барлық қаражат курортты және Абылай хан алаңының аумағын дамытуға: туристік іс-шараларды қаржыландыруға, инфрақұрылымды жақсартуға және туристік орындарды абаттандыруға жұмсалады.
Бұл қадам Бурабай қонақтарына қызмет көрсету сапасын арттыруға және жайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Тұрақтың алғашқы 10 минуты барлық көліктер үшін тегін болады, ал одан кейін әр сағаты үшін 150 теңге төленеді. Тұрақ тәулік бойы жұмыс істеп, қонақтар үшін кез келген уақытта қолайлы болмақ. Алаңда сонымен қатар тегін тұрақ аймағы да бар.