Бүгін, 15 қараша күні, «Бурабай» МҰТП-ның Орман тұқымбағының қызметкері Дмитрий Фатеус Приозер орманшылығының 124 кварталында әлсіреген пеликанды тауып, оны орманшылық инспекторларына тапсырды. Құс қыстауға ұша алмай қалған.
Құтқарылған пеликан Бурабай курортының зообағына жеткізілді. Мұнда оны ветеринар қарап шықты. Бақытымызға орай, пеликан жарақатсыз, дені сау екен. Белгілі болғандай, бұл – биылғы жылы туған балапан. Ол ұзақ қашықтықтарға ұшуға әлі тым жас. Оның қауырсындары ұзақ жолды көтере алатындай толық жетілмеген.
Құсты реабилитация үшін қысқы вольерге орналастырды. Көктемге дейін пеликан мамандардың бақылауында болады. Ол толық күшіне енгеннен кейін, табиғи мекендеу ортасына жіберіледі.
Табиғатты қорғауға және жануарлар әлеміне ұқыпты қарауға шақырамыз!