
Күз мезгілінде «Бурабай» МҰТП қызметкерлері жараланған сұңқар аққуды тауып алды. Ол мұз қатқан су қоймасында жалғыз отырған, әлсіз еді және қанатындағы жарақатына байланысты ұша алмады. Күздің суық желі су бетін мұздай толқындармен шарпып, аспан бос қалған еді – оның тобы жылы жаққа ұшып кеткен. Егер адамдар көмектеспегенде, бұл әсем аққудай жолаушы қысты аман өткізбес еді.
Құсты дереу құтқару қажеттігін түсінген «Бурабай» МҰТП мамандары оны «Бурабай Даму» ЖШС зообағына тапсырды. Мұнда оған зообақ қызметкерлері қамқорлық танытты. Аққудың емделуі мен оңалтуын бас ветеринар дәрігер Илдар Зиядитович өз қолына алды. Ол құсты тексеріп шыққаннан кейін: «Сен мықтысың, сен бұл қиындықты жеңесің» – деді. Сол кезден бастап дәрігер аққуға ерекше бауыр басып, оны Арман деп атады. Бұл атау – үміт пен сенімнің белгісі, өйткені бір күні Арман қайта қанаттарын жайып, күшіне еніп, еркіндікке қол жеткізеді деген сенім бар. Оған қамқорлық жасау – жай ғана міндет емес, нағыз жанашырлық пен сүйіспеншіліктің көрінісі.
Арманның зообақтағы өмірі
Зообақтағы алғашқы күндер Арман үшін үлкен сынақ болды. Ол жаңа қоршауға бейімделуде қиындық көрді – кең көлге, еркін ескен желге сағынышпен қарады. Дегенмен, кәсіби күтім, тұрақты тамақтану және қызметкерлердің мұқият бақылауының арқасында ол біртіндеп күш жинай бастады. Қанаттарын қозғалтып, аяққа нық тұруға талпына бастады – бұл оның сауығып, жаңа өмірге бейімделуінің айқын белгілері еді.
Бүгінде Арман өзін әлдеқайда жақсы сезінеді. Көктемде оны Визит-орталылығы аумағындағы кең тоғанға орналастырады, онда ол суға шомылып, күннің жылуын сезініп, жаңа жағдайға үйренеді. Алайда, ветеринарлардың барлық күш-жігеріне қарамастан, Арман ешқашан ұша алмайды – оның қанаты қатты зақымданған. Бірақ ол тірі қалды, енді оның жаңа үйі – Бурабай. Ол осы жерде көктемді қарсы алып, басқа құстармен бірге өмір сүреді.
Биыл күзде зообаққа дәл осындай жарақаты бар тағы бір аққу жеткізілді. Енді Арманның көршісі пайда болды, ал мамандар екі аққудың да жаңа өмірге бейімделуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасауда.
Құстар зообақта қалай қыстайды?
Бурабай кентінде орналасқан зообақ 1976 жылы «Құтқарылған жануарлар үйі» ретінде құрылған. Алғашында ол аңшылық үйі ретінде жұмыс істеп, жараланған жануарлар мен құстарды қабылдаған. Бұл дәстүр бүгінгі күнге дейін сақталып келеді. Бүгінде курорттық зообақ жыл бойы жұмыс істеп, тек құстар ғана емес, басқа да жануарлар үшін қолайлы жағдай жасайды.
Қыс мезгілінде зообақта 30 түрлі жануар мен құс мекендейді, олардың ішінде 10 түрлі құс бар – барлығы 57 жеке дара. Олардың арасында бүркіт, жамансары, тауыс, үйрек және қырғауыл бар.
Қысқы уақытта құстардың тамақтануы аса маңызды, сондықтан оларды күніне екі рет – таңертең және кешке қоректендіреді. Олардың рационына арпа мен бидайдан жасалған дәнді қоспалар, дәрумендер, ет-сүйек және балық ұны, тасбақа ұнтағы, өзен құмы, күкірт пен амин қышқылдары кіреді. Сонымен қатар, жаңа піскен көкөністер, жасыл шөптер, өзен балығы мен ет фаршы беріледі.
Қыстың суық мезгілінде құстар +15, +17°C температурасы және 60–70% ылғалдылығы бар арнайы қыстауға арналған бөлмелерде ұсталады. Жарық табиғи түрде терезелерден түседі, ал қараңғы уақытта жасанды жарық қосылады.
Ветеринарлық бақылау ерекше назарда. Құстарға таза су мен құнарлы тамақ беріліп қана қоймай, жыл бойы медициналық тексерулер жүргізіледі. Мамандар олардың денсаулығын бақылайды, жазда да, қыста да маусымдық екпелер жасап, қажет болған жағдайда дер кезінде емдейді. Әрбір жануар мен құстың амандығы – зообақтың басты міндеті, сондықтан ветеринарлар олар үшін ең қауіпсіз және жайлы жағдай жасауға тырысады.
Жануарлар бағы қонақтарды шақырады!
Зообақтағы жануарлар мен құстарға күтім жасау – тек жұмыс қана емес, үлкен жауапкершілік. Қызметкерлер оларды құтқарып, күтіп қана қоймай, табиғи ортаға бейімделуіне көмектеседі, осылайша олардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етеді.
Зообақ күн сайын 09:00-18:00 аралығында ашық. 5 жасқа дейінгі балалар үшін кіру тегін. Билеттердің қолжетімді бағасы әрбір қонаққа зообаққа келіп, жануарлар әлемімен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді. Зообақ билеті Визит-орталығының екінші қабатында орналасқан музейге кіруге де жарамды.
Зообақ – тек серуендеу орны ғана емес, жағымды эмоциялар алаңы. Мұнда келушілер табиғаттан шабыт алып, жануарлармен жақын байланыс орнатады. Жануарлар мен құстар да адамдарға үйреніп, әр кездесуде қуаныш сыйлайды.
Біздің зообақта сирек кездесетін және қорғауға алынған түрлер де бар, оларға ерекше қамқорлық пен қолдау қажет. Зообаққа келу – жануарларға достық көрсету. Мұнда әрбір келуші өзінің жан жылуымен бөлісіп, жануарлармен дос болады.