
«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде туристер үшін бірегей маршрут пайда болды. «Бөлектау» бағыты бойымен салынған қауіпсіз экожол елімізде алғаш рет геймификация элементтерімен толықты. Енді саяхатшылар жолды квест түрінде де жүріп өте алады: QR-кодтарды сканерлеп, аудиогид тыңдап, тіпті Telegram-бот арқылы байланыса алады.
РКС: «Бөлектаудағы» экожол қонақтарды әсем қақпа арқылы қарсы алып, демалыс алаңына жеткізеді. Бұрын бұл аймақ туристер үшін ең тік әрі қауіпті болатын. Енді ол қауіпсіз әрі қолайлы бағытқа айналды. Жолға арнайы төсем төселіп, Бөлектаудың табиғи ерекшеліктерін таныстыратын ақпараттық стендтер орнатылды. Экожол бойымен жүріп өткен саяхатшы өңірдің өсімдіктер мен жануарлар дүниесі жайлы тың деректерге қанығып қана қоймай, «Бөлектауға» қатысты аңыздарды да біле алады. Бұған қоса, QR-кодтар арқылы қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі аудиогид қолжетімді. Тағы бір жаңашылдық – орталық стенд. Ол фотокаталитикалық жабынмен қапталған, күн сәулесі түскен сәтте ауаны өздігінен тазартады. Бұл – табиғатты қорғау мен экотуризмді дамытудағы жаңа қадам.
Жаңа экожол тек туристік мүмкіндікті кеңейтіп қана қоймай, табиғатты сақтау жолында бизнес, билік пен қоғамның күшін біріктіріп отырғанын айғақтайды.