Басты бетИманай бұлағы – Бурабайдың табиғи қазынасы, оны сақтау мен қамқорлықты қажет ететін құндылық.

Иманай бұлағы – Бурабайдың табиғи қазынасы, оны сақтау мен қамқорлықты қажет ететін құндылық.

Иманай бұлағы – Бурабайдың табиғи қазынасы, оны сақтау мен қамқорлықты қажет ететін құндылық.

Бурабай – Ақмола облысының жүрегі, табиғатының тұмса сұлулығын сақтап қалған ерекше мекен. Көлдері, асқақ таулары мен қалың қарағайлы ормандары оны бекерден-бекер «Қазақстанның інжу-маржаны» деп атамайды. Жыл сайын мыңдаған туристер осында келіп, таза ауамен тыныстап, табиғаттың әсем үйлесіміне сүйсініп, шипалы өңірдің ерекше атмосферасын сезінеді.

Бурабайдың ең көрікті орындарының бірі – Иманай бұлағы. Біреулер оны бұлақ десе, енді біреулер – өзен, тіпті шағын сарқырама деп атайды. Таудан төмен әсем сатылармен аққан мөлдір су үш деңгейлі шағын сарқырама құрап, жалпы биіктігі шамамен екі метрге жетеді. Бұлақ бастауы таудан алынып, ұзындығы шамамен 8 шақырымға созылады. Ол «билеген қайыңдар тоғайынан» өтіп, Бурабай көліне құяды.

Аңыз бойынша, бұл маңда Иманай есімді емші өмір сүрген екен. Ол мейірімді, қонақжай жан болып, жол жүргіншілерге көмектескен, сырқат жандарды емдеген. Бұлақ суы тіпті жаралы жануарларға да шипа берген деседі. Халық емшінің құрметіне бұлақты оның атымен атаған. Содан бері Иманай бұлағы тазалықтың, саулықтың және жомарттықтың символына айналды.

Иманай бұлағын көрудің ең қолайлы уақыты – көктем ортасынан кеш күзге дейін. Көктемде бұлақ суы молайып, тасыса, жаз бен күзде ерекше әдемілігімен таңғалдырады. Қыста ол түгел қатып қалады. Су мөп-мөлдір болғанымен, ішуге ұсынылмайды, себебі құрамында йод пен темір көп.

Бүгінде бұлақ маңы абаттандырылып, жаяу жүргіншілерге арналған жолдар, серуендеу және демалыс аймақтары жасақталған. Сондай-ақ велосипед жолдары мен фотосессияға арналған әсем орындар бар. Осы себепті Иманаев бұлағы туристер мен жергілікті тұрғындардың сүйікті мекеніне айналып отыр.

Иманай сарқырамасы Бурабай кентінен небәрі 7 шақырым жерде орналасқан. Оған Бурабайдан шығатын жолмен көлікпен жетуге болады. Ал Абылай хан алаңынан бұлаққа дейінгі арақашықтық бар болғаны 1,5 шақырым – ол жерге велосипедпен де, жаяу соқпақтармен де баруға мүмкіндік бар.

Дегенмен ешқандай абаттандыру адамдардың саналы қарым-қатынасы болмаса, табиғаттың сұлулығын сақтай алмайды. Сондықтан біз Бурабай қонақтары мен тұрғындарын:
    •    табиғатты аялауға, қоқыс тастамауға;
    •    тазалық пен тәртіпке еңбек сіңіріп жүрген жандардың еңбегін құрметтеуге;
    •    демалысты мәдениетті өткізіп, курорттың ерекше экожүйесіне жанашырлықпен қарауға шақырамыз.

Иманай бұлағы – жай ғана су көзі емес. Ол – тірі аңыз, Бурабай тарихының бір бөлігі және болашақ ұрпаққа жеткізуге тиіс табиғи қазына.