Басты бетЖануарларға сенім мен қамқорлық сыйлайтын жан

Жануарларға сенім мен қамқорлық сыйлайтын жан

Жануарларға сенім мен қамқорлық сыйлайтын жан

Айтбай Ахметов – Бурабай курорты зообағының қызметкері, мамандығы қарапайым естіледі – жануарларды қоректендіруші. Алайда бұл сөздердің артында күнделікті тынымсыз еңбек қана емес, өз ісіне деген шынайы махаббат жатыр.

Айтбай таңғы уақытын торларды аралаудан бастайды. Ол мұндағы әрбір жануардың мінезін, әдетін жақсы біледі – ең кішкентай құстардан бастап, еңселі тұяқтыларға дейін. Біріне – арнайы диета, екіншісіне – жаңа піскен көкөністер не ет керек, ал кейбіріне жай ғана жылы сөз бен назар жеткілікті.

Оның жұмысы – тек қорек тарату емес, жануарлардың денсаулығын, мінез-құлқын бақылау, қамқор болу. Осындай адамдардың арқасында жануарлар өздерін қауіпсіз сезінеді, ал келушілер оларды бақытты әрі күтілген күйінде көре алады.

Айтбай Ахметов:
«Жануарлар мейірімділікті түсінеді және оған жауап қайтарады. Олар сенім білдірген сәтте, барлық қиындықтар ұмытылады».

Мамандықтар жылы – әрбір еңбектің құндылығы зор екенін еске салу. Айтбай секілді адамдар өмірімізді бай, ал әлемді мейірімді ете түседі.

Зообақ 1976 жылы «Құтқарылған жануарлар үйі» ретінде құрылған және бүгінде «Бурабай даму» ЖШС-нің қарамағында. Мұнда браконьерлердің әрекетінен немесе табиғи апаттардан зардап шеккен жануарлар жеткізіледі. Әсіресе маусымаралық кезеңде құстар жиі әкелінеді, олардың арасында Қызыл кітапқа енген түрлер де бар. Бұл құстарға мұқият күтім жасалып, ветеринарлар қажетті көмекті көрсетеді. Көктемде жағдайы жақсарған жануарлар табиғат аясына қайта жіберіледі.

Қазіргі уақытта зообақта 25 түрлі жануар мен құс түрі мекендейді. Зообақ курорттың маңызды туристік нысандарының біріне айналған. Ол жыл бойы, күн сайын сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді.