Бурабай курортының хайуанаттар бағына Ақмола облыстық орман шаруашылығы комитеті Қызыл кітапқа енген жас аққуды жеткізді. Құсты Зеренді ауданы, Қызылсая ауылының маңынан жергілікті тұрғын — Бегайдар Нұрмұханов тапқан.
Аққу қанағаттанарлық жағдайда болғанымен, әлі толық жетілмегендіктен, жылы жаққа ұша алмаған.
Жеткізілгеннен кейін құс ветеринарлық тексерістен өтті. Хайуанаттар бағының ветеринар дәрігері Ильдар Файзулиннің айтуынша:
«Аққу күйзеліс жағдайында болды, бірақ сыртқы жарақаттары анықталған жоқ. Қимыл-тірек жүйесі қалыпты. Құс көктемге дейін бізде болады, оңалып алған соң табиғи ортасына қайта жібереміз».
Бурабай курортының хайуанаттар бағы — «Құтқарылған жануарлардың үйі» ретінде белгілі. Оған биыл шамамен жарты ғасыр толды. Бүгінде мұнда 30-ға жуық құс пен жануар түрі мекендейді.
Көктем мен күз аралығында мұндағы мамандар көбіне табиғи жағдайда жарақаттанған немесе ұшып кете алмай қалған жабайы құстарды қабылдайды.
Мұндай құстарға күтім жасауды «Бурабай даму» серіктестігі мамандары қамтамасыз етеді. Олардың қамқорлығы сирек түрлерді сақтап, өңірдің экологиялық тепе-теңдігін қорғауға үлес қосып отыр.