Басты бетЗообақтағы толықтыру

Зообақтағы толықтыру

Зообақтағы толықтыру Зообақтағы толықтыру

Бурабай курортының зообағында бірден екі қуанышты оқиға орын алды — бизонның төлі мен теңбіл бұғының аналық лағы дүниеге келді.

Алғаш болып бизондар отбасында төл пайда болды. 27 мамыр күні дүниеге келген кішкентай бизон алғашқы күннен-ақ белсенділігімен ерекшеленіп, анасының жанында өсіп келеді. Ол жақсы қоректеніп, қоршаған ортаны қызығушылықпен танып-білуде. Бүгінде келушілер кең қоршауда алғашқы қадамдарын жасап, жаңа әлемді зерттеп жүрген кішкентай бизонды өз көздерімен көре алады.

Зообақтағы бизондардың тарихы бірнеше жыл бұрын басталған болатын. Бүгінде мұнда осы айбарлы жануардың бес өкілі мекендейді. Ал жаңа төлдің дүниеге келуі зообақ қызметкерлері мен қонақтары үшін ерекше қуанышты оқиға болды.

Бірнеше күннен кейін, 31 мамырда, тағы бір жағымды жаңалық тіркелді. Теңбіл бұғылар отбасында сүйкімді аналық лақ дүниеге келді. Қазіргі уақытта ол анасының жанында болып, күш жинап, мамандардың мұқият бақылауымен өсіп келеді.

Теңбіл бұғылар зообақ құрылған күннен бастап осында мекендейді және әрдайым келушілердің ерекше ықыласына бөленіп келеді. Олардың сымбаттылығы, жуас мінезі мен ерекше әсемдігі ересектер мен балалардың назарын өзіне аударады.

Мамандардың айтуынша, екі төлдің де жағдайы жақсы және олар жас ерекшеліктеріне сай дамып келеді. Олардың денсаулығын зообақ қызметкерлері мен ветеринариялық дәрігерлер күн сайын бақылауда ұстайды. Жануарлар үшін барлық қолайлы жағдай жасалған, ал азық рационы мұқият теңгеріліп, тұрақты бақылауда болады.

Төлдердің дүниеге келуі – зообақ ұжымы үшін үлкен қуаныш қана емес, сонымен қатар жануарлардың мұнда өздерін жайлы әрі қауіпсіз сезінетінінің айқын дәлелі. Мұндай оқиғалар биоалуантүрлілікті сақтау және экологиялық ағарту жұмыстарын дамыту тұрғысынан ерекше маңызға ие.

Жаңа төлдер келушілердің сүйіктісіне айналып үлгерді және барлық жастағы қонақтардың шынайы қызығушылығын тудыруда.

Бурабай курортының тұрғындары мен қонақтарын жаңа төлдермен және зообақтың басқа да тұрғындарымен танысуға шақырамыз. Мүмкін, дәл қазір отбасыңызбен серуендеп, тірі табиғаттың ғажайып әлемімен қауышудың ең тамаша уақыты шығар.

Сіздерді күн сайын сағат 09:00-ден 20:00-ге дейін күтеміз.

Қосымша ақпарат — Instagram: @visitburabay.kz