Басты бетБурабайда «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы жұмыс жалғасуда

Бурабайда «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы жұмыс жалғасуда

Бурабайда «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы жұмыс жалғасуда

Экологиялық жағдайды жақсартуға, табиғи мұраны сақтауға және қоғамның экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында Бурабай курорты аумағында туристік аймақтарды абаттандыру және күтіп-ұстау бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде.

Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында Серіктестік тарапынан төрт экологиялық акция ұйымдастырылып, өткізілді. Нәтижесінде 28 текше метр қатты тұрмыстық қалдық шығарылып, 16 шағын сәулет нысаны сырланды, сондай-ақ жалпы ұзындығы 30 шақырым аумақта шөп шабу жұмыстары жүргізілді.

Экологиялық акциялармен қатар, Серіктестік қызметкерлері туристік инфрақұрылымды күтіп-ұстау және оның қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз ету бағытында тұрақты негізде кешенді жұмыстар атқаруда. Күн сайын 22 шақырым жаяу жүргіншілер жолы мен 31 шақырым велосипед жолына күтім жасалады. Қысқы маусым аяқталғаннан кейін 26 көпір мен 20 беседка жазғы маусымға дайындалды. Бұдан бөлек, 47 шаршы метр зақымданған ағаш конструкциялар ауыстырылып, 59 шаршы метр тас төсем жабыны жөнделді. Қауіпті учаскелерге 17 жасанды кедергі мен 2 қорғаныш тұзағы орнатылып, көпір қоршауларының 394 метрі сырланды.

Сонымен қатар, курорт аумағының жекелеген бөліктерінде экологиялық жүктеме әлі де жоғары деңгейде сақталуда. Әсіресе туристік маусымның қызған кезеңінде курорттың негізгі көрікті орындарына рекреациялық қысым артады. Келушілер санының көбеюі тұрмыстық қалдықтардың жиналуына, өсімдік жамылғысының бүлінуіне, сондай-ақ туристік инфрақұрылым мен табиғи экожүйелерге түсетін жүктеменің ұлғаюына әсер етеді.

Осыған байланысты Бурабайдың бірегей табиғи мұрасын сақтау ісінде курорт қонақтарының жауапты көзқарасы ерекше маңызға ие. Туристерге ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда белгіленген тәртіп талаптарын сақтау, қоқыс қалдырмау, арнайы жабдықталған демалыс орындарын пайдалану және қоршаған ортаға ұқыпты қарау ұсынылады.

Жұмыстың маңызды бағыттарының бірі – туристік ағындарды қайта бөлу және курорттық аймақтың баламалы демалыс орындарын кеңінен таныту. Бурабайдың танымал туристік нысандарынан бөлек, демалушыларға Щучье, Қатаркөл және Жүкей көлдерінің көркем аумақтары қолжетімді. Бұл бағыттар жоғары туристік әлеуетке ие және демалыс түрлерін әртараптандырумен қатар, курорттың ең көп баратын табиғи нысандарына түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.

Жүргізіліп жатқан экологиялық іс-шаралар аумақтың санитарлық жағдайын сақтауға ғана емес, сонымен бірге тұрғындар мен қонақтар арасында табиғатқа жанашырлықпен қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Бурабайдың табиғи байлығын сақтау – мемлекет, бизнес, жергілікті қоғамдастық және туристер үшін ортақ міндет.

«Таза Қазақстан» акциясы аясындағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасатын болады. Алдағы кезеңде волонтерлерді, мемлекеттік органдар өкілдерін, бизнес қауымдастықты, қоғамдық ұйымдарды және белсенді жастарды тарта отырып, жаңа экологиялық іс-шараларды өткізу жоспарланып отыр. Табиғи мұраны сақтау мен курорттың тұрақты дамуын қамтамасыз ету – тек бірлескен күш-жігердің нәтижесінде жүзеге асатын маңызды міндет.

Қосымша ақпарат — Instagram: @visitburabay.kz