Бурабай өзінің көркем табиғатымен, көлдерімен, ормандарымен және табиғи көрікті жерлерімен танымал. Алайда бүгінде мұнда Қазақстан тарихы мен мәдениетіне ерекше саяхат жасауға да болады. Мультимедиялық интерактивті кешен заманауи технологияларды, цифрлық инсталляцияларды және тарихи материалдарды біріктіріп, елдің өткенімен танысуды әсерлі саяхатқа айналдырады.
Бұл кешенді дәстүрлі музей ретінде ғана қабылдауға болмайды. Бұл — цифрлық технологиялар Қазақстанның мәдени және тарихи мұрасымен үйлесімді ұштасқан заманауи мультимедиялық кеңістік. Инновациялық шешімдер дәстүрлерді, маңызды тарихи оқиғалар мен өткен дәуірдің бейнелерін жаңа қырынан таныстыруға мүмкіндік береді. Сондықтан әрбір келуші экспозициялар арасынан өзіне қызықты дүниені таба алады.
Саяхат негізгі экспозицияларға жетпей тұрып-ақ басталады. Алдын ала көрсетілім аймағында қонақтарды айналы «ағаш-порталдары» бар Бурабайдың сиқырлы орманы қарсы алады. Олар Қазақстан бойынша саяхатқа бастайтын өзіндік жолсерікке айналады: мұнда Шарын шатқалы мен Каспий теңізінен бастап, Медеу мен Түркістанға дейінгі елдің табиғи және мәдени нышандарын көруге болады. Алғашқы минуттардың өзінде келуші алдында жай ғана экскурсия емес, кеңістік пен уақыт арқылы саяхат күтіп тұрғанын сезінеді.
Кешеннің негізгі тақырыптарының бірі — Ұлы дала тарихы және Абылай ханның өмірі. Кинозалда ұлы билеушінің өміріндегі маңызды кезеңдерге арналған кинематографиялық саяхат ұсынылады. Тарихи оқиға «Ұлы дала тарихы» залында көрсетілетін 19 минуттық көркем фильм арқылы баяндалады.
Саяхаттың соңында келушілерге болашақ ұрпаққа арналған үндеу ұсынылады. «Абылай ханның батасы» тарихи мұраға тек өткен оқиғалар тұрғысынан ғана емес, ұрпақтар сабақтастығы ретінде қарауға мүмкіндік беретін маршруттың қорытынды бөлігіне айналады.
Кешеннің тағы бір бөлігі қазақ халқының тарихы мен ру-тайпалық мұрасына арналған. «Мәңгілік ел» залында орналасқан «Ру шежіресі» экспозициясында қазақ руларының 47 сенсорлық белгісі біртұтас ағашқа біріктірілген. Интерактивті формат шежірені ортақ шығу тегінің және халық бірлігінің символы ретінде таныстыруға мүмкіндік береді.
Қазақстан тарихы «Уақыт дәлізінде» де жалғасады. Бұл — LED-экрандармен жабдықталған мультимедиялық туннель. Ондағы визуалды қатар Тәуелсіздік қарсаңынан бүгінгі күнге дейінгі кезеңді қамтиды. Айна беттері шексіз кеңістік әсерін қалыптастырып, дәлізбен жүруді бірнеше онжылдықты қамтитын ерекше саяхатқа айналдырады.
Белсенді қатысуды ұнататын келушілер үшін кешенде цифрлық платформалар қарастырылған. Сегіз интерактивті аймақта садақ атудан өз күшіңізді сынап көруге, VR-шайқастарға қатысуға және түрлі жұмбақтарды шешуге болады. Мұнда тарих пен мәдениет тек тамашалау арқылы емес, тікелей әрекет арқылы да танылады.
Кешенде аты аңызға айналған қазақ батырларына арналған фотоаймақта бар. Мұнда естелік суреттер түсіріп қана қоймай, Ұлы дала қаһармандарының бейнесі арқылы тарихпен жақынырақ танысуға болады. Сонымен қатар Керей мен Жәнібектен Кенесары ханға дейінгі Қазақстан тарихына арналған электронды кітап ұсынылған.
Осылайша, Бурабайдағы мультимедиялық кешен бірнеше бағытты біріктіреді: еліміздің табиғи мұрасы, Ұлы дала тарихы, Абылай хан дәуірі, қазақ халқының ру-тайпалық тарихы және Қазақстанның қазіргі тарихы. Бұл ретте келуші жай ғана бақылаушы болып қалмайды — ол әртүрлі кеңістіктер арқылы өтіп, фильмдер тамашалайды, цифрлық нысандармен өзара әрекеттеседі және экспозицияларды өз бетінше зерттейді.
Мұндай формат отбасыларға, туристік топтарға және Бурабайдағы демалысын Қазақстан тарихымен танысумен толықтырғысы келетіндерге қызықты болуы мүмкін. Ал маршруттың негізгі бөлігі жабық кеңістікте орналасқандықтан, кешенге жылдың кез келген мезгілінде және ауа райына қарамастан баруға болады.